Войти Закрыть
---

Виртуальная энциклопедия Султанмахмут Торайгыров

---
Негізгі / Лирика
A+ R A-

Лирика

Печать PDF

Жалпы, Сұлтанмахмұт - табиғатты әсем жырлаған ақынның бірі. Бірақ оның бұл саладағы жырлары жалаң көріністен тұрмайды, сол кездің қоғамдық жағдайларын аңғартатын, табиғат құбылысы орын алған ортаның әсерін бейнелейтін ойлы суреттерге бай келеді. «Жапырақтарда» ол көп көк жапырақ ішіндегі жалғыз сарғайған жапырақ арқылы өзінің көңіл күйін бейнелесе, «Кеш» арқылы түнгі табиғатты суреттеп, оны қараңғылықтан жол таба алмай қорқақтаған лирикалық кейіпкердің жеке сезімімен ұштастырады. «Көшуде» ел өміріндегі көктемгі өзгерістерді ауылдағы таптық жіктеушілікпен байланыстырады. Мұның бәрі де Сұлтанмахмұттың шығармашылық жолында дәуірдін әлеуметтік жағдайларын суреттеуді бірінші орынға қойғандығын көрсетеді. Ол нені, қалай жырласа да әңгімені заман мен оның адамына, оған әсер етіп жатқан жағдайларға бұрады.

Осыны ақынның махаббат тақырыбына жазған жырлары жайлы да айтуға болар еді. Асылы Сұлтанмахмұт махаббаты - өмірден қағажуды көп көрген, алдағы өмірден үміті аз, торығыңқырап, ауру жеңген адамның махаббаты. Ол сүйеді, бірақ оның баянсыздығын түсінеді. Сүйгеніне аяушылықпен қарайды, өзіне өзі тоқтам береді. Сезімді ақылға жендіреді.

Бәрі де колдың қысқасы  -
Бір түнді мойынға алмауым.
Тағдырдың шебер ұстасы,
Көрдім мен жоқ  қып  қарғауын, -

деген жолдарда ақын еркін байлап тұрған тағдыр тұсауы елестейді. Сәл кейінірек жазылған «...ға», «М...ға», «Аққудай үлбіреген сұңғақ мойын», «Ақ сәуле» сияқты лирикалық өлеңдерде де ақын жас адамның ынтықтық сезімін қыз көркі, қыз намысы жайлы байсалды ойға жеңдіреді.

Сұлтанмахмұт өлендері ішінде әр жағдайдағы акынның көңіл күйін білдіретін, қайғысы мен мұңын, күйінішін бейнелейтін сыршыл лирика да мол ұшырайды. Олардың тууы жоғарыда айтылған ақынның жеке басының тұрмыс күйімен, ойға алған ісінін орындалмай қалған кезіндегі жан дағдарысымен байланысты. «Ләнет бұлты шатырлап», «Алты аяқ», «Күңгірт түспен ойға батып», «Ей, махаббат, ей, достық», «Дүниедегі қызықтың», «Әкелші», т.б. өлеңдерден ақыннң налу, торығу, күңірену сәттерін тану қиын емес. Бірақ ол мұны жүйелі түрде сезінген үмітсіздікке ұластырмайды, олар жеке бір сәттердегі көңіл күйінін әсері болып қалады. Тұгастай ақын жырлары оптимизмге толы.

Өз замандастарымен салыстырғанда, Сұлтанмахмұг - сол тұстағы қазақ аулындағы таптық жіктеушілікті, кедейлік пен байлықтың арақатынасын ерте аңғарған ақын. Жоғарыда аталған өмір шындығы мен әлеуметтік мәселелерге арналған өлеңдерінен оны анық көре аламыз. «Қымыз», «Көшу» өлендерінін өзінде-ақ ел ішіндегі әлеуметтік теңсіздікті жіті анғарған. Акынның қымыз ішкен топ ішінен «Қажы, сопы, қожа, молданы», «Мырзаеке, ие солай» деп бас шұлғып отырған ел басшыларын бөле қарауы жайдан жай емес. Ол сол топқа кіре алмай жүрген кедейлерге аяныш білдіреді. Екінші өлеңде де көшу салтанатынан тыс, байлармен жалғасып көшке жаяу ерген кедейлерді таниды. Байлықтың негізін кедейдің еңбегі құрайтынын ақын «Бір адамға» өлеңінде тіпті ашық айтады.

«Шоң серіктігі» шаруасымен барғанда, ақынға көмектесу орнына Шорманның Садуақасы қонақтарға бұрынғы аталарынан қалған шен-шекпен, асыл бұйымдарды көрсетіп мақтаныпты. Өлеңді Сұлтанмахмұт сол оқиғаға арнап жазған. Ол ақсақал шал көрсеткен «асыл нәрселерді» көріп отырып, мынадай дүние жинаған, шен-шекпенге құмартқан «басшы», «баққан халқын оңдырған-ау» деп ойлайды. Шал күміс кесе, алтын аяқтарын көрсеткенде: «Қай момынның малы бар бұл аяқта» деп ашық сұрау қояды.

Кесені қолыма алып қарай бердім,
Ішінде нақақ көзден жас бар ма деп, -

деген жолдарда қанаудың сырын андатарлық үлкен ақындық ой жатыр.

Өмірінің соңғы шағында (1918-1920), туған аулында болған кезде ауру күйіне қарамай, Сұлтанмахмұттың көп оқып, әсіресе, тап тартысына қатысты әдебиетті шұқшия қарағаны жоғарыда айтылды. Осы жылдары жазған шығармаларында («Осы да әділдік пе?», «Кедей», «Адасқан өмір») ол тап қайшылығын, қоғамдағы әділетсіздіктің себептерін бұрынғыдан да гөрі тереңірек түсінгенін танытады. «Осы да әділдік пе?» өлеңінде ақын халықты екі топқа бөліп, «үстегі», «астағы» деп сөйлейді. «Үстегіде не қасиет, астағыда не жазық бар?» деп ойланады.

Үстегі сындырмаған шөптің басын,
Сонда да тамағы тоқ, киімі асыл.
Жасаулы зейнеттеулі палатада
Қызметкер даяр қылар керек асын.
Он жыл қызмет бір кедей қылып таппас
Қондырған бір жүзікке асыл тасын.
Бір кедей жылдық тамақ етер еді,
Өндеген бояуына бет пен қасын.

...Қол жоқ онда жұмысқа, іске тиер,
Жұма сайын бір модалы киім киер.
Сән-сауықтың бәрі де табылады
Тек қайсысын көңілі оның сүйер.

Бұл кездегі ақын өлеңдерінде әлеуметтік теңсіздіктің сыры мен себебін түсінуге ұмтылуымен қатар, жалпы өмір сабақтары мен өмір сүрудің мән-мағынасы жайлы ойлану сарыны күшті. Ақын адам өмірі шектеулі, ол қызық көру үшін емес, кейінгіге, халқының болашағына қолқабыс тигізу үшін өмір сүру қажеттігіне тоқтайды. Өзі де:

Жасамаймын: «еңбектің
Жемісін көзбен көрем деп», -
Жасаймын: «бір қолқабыс
Кейінгіге берем», - деп,  -

деп өмір сүретін айтады. Осы шумақта Сұлтанмахмұг өмірінің бар мән-мағынасы түйін-делген.

Сұлтанмахмұт өмір шындығын көркем бейнелеудің әр түрлі жолдарын іздестіріп, XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде жаңа жанрлардың тууына атсалысқан белсенді қаламгер болды. Ол қазақ өлеңінін мазмұнын кеңейтті, өмірдегі қайшылықтар мен тартысты суреттейтін саяси-әлеуметтік лирика, пейзаждық, жастық сезім күйлеріне құрылған сыршыл туындылар берді. Оның қаламынан көптеген әңгіме, очерктер, публицистикалық және сын мақалалар туды, екі роман («Қамар сұлу», «Кім жазықты»), төрт поэма («Адасқан өмір», «Кедей», «Таныстыру», «Айтыс») жариялады.

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ТАРИХЫ. ОН ТОМДЫҚ. АЛМАТЫ: ҚАЗАҚПАРАТ, 2006. – т. 6. – 249 – 292 б.

Сайт бойынша іздеу

Яндекс.Метрика

Рейтинг@Mail.ru