Войти Закрыть
---

Виртуальная энциклопедия Султанмахмут Торайгыров

---
Негізгі / Замандастар Торайғыров туралы
A+ R A-

Замандастары Торайғыров туралы

Печать PDF

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың замандастарының естелігі арқылы ақынның өмірде қандай адам болғаны туралы, көрнекті ақын тұлғасын терең зерттеуге мүмкіндік бар.

ЕСТЕЛІКТЕР

МҰХТАР ӘУЕЗОВТІҢ ЕСТЕЛІГІНЕН

Сұлтанмахмұт 1916 жылы Қатонқарағай жағынан қайтып, Томскіге оқуға кеткенше біраз уақыт Семейде тұрды. Семейде қазақ зиялыларының бір жиналысы болды, онда июнь жарлығы туралы мәселе қаралды. Жиналыстан кейін алашорда басшыларының бірі болған Халел Ғаббасов «Қазақ» газеті сілтеген бағыт бойынша:

─ Патшаның жарлығына қарсы болмау керек, майданға жігіт беру керек, - деді.

Сұлтанмахмұт шығып, Халелге қарсы сөйледі:

─ Майданға жігіт бермеу керек. Ел көтерілгелі отыр, сендер кейін тартпаңдар, - деді.

Сонда Халел Сұлтанмахмұтқа қатты кейіді, ұрсып тастады. Сұлтанмахмұт тұрып:

─ Сен сияқты сарала түйме таққан төренің қазақ елін алғаш сатқаны бұл емес. Бұрынғыны аз деп, сен тағы сатқалы отырсың ғой! - деді.

                                           * * *

1917 жылы февраль революциясынан кейін Семейде алашордашылардың бір үлкен жиналысы болды. Жиналыс ақырында түрлі мәселелер жөнінде секциялар құрылды. Біз, Сұлтанмахмұт бастаған біраз жастар оқу-ағарту, әйел теңдігі мәселелерін қарайтын секцияға ендік. Секцияның жиналысы жаңа басталған кезде, үйге Семейдің үлкен ғұлама - ишандарын ертіп қаланың саудагер байлары кіріп келді. Жиналыс бастығы:

─ Бұл не? Сіздерге не керек? - дегенде, ғұлама ишандарды бастап келген бір кісі:

─ Әйел мәселесі қаралады дегенге келдік. Бұл мәселе шариғат жолымен шешілуге тиіс. Мына ишандарды сол үшін әдейі ертіп келдік, - деді.

Жиналыс бастығы соған тоқырап, көнгендей болып еді, Сұлтанмахмұт орнынан ұшып тұрып:

─ Жоқ, бұларды жиналысқа қатыстыруға болмайды. Бұған кейін қазақ тарихында ең зиянды элемент болып келгендер осылар. Жиналысқа бұлар қатысатын болса, біз – жастар қатыспаймыз, - деді.

Осыдан кейін байлар мен ишандар үйден шыға жөнелді. Жиналыс басшылары Сұлтанмахмұттың бұл қылығын жақтырмай қалды.

                                             * * *

Сол 1917 жылы қыстыгүні Сұлтанмахмұттың ауруы тіпті күшейіп кетті. Дәрігерлер, достары оның жатып емделгені, қымыз ішкені жөн болар деп тапты. Осы ретпен Сұлтанмахмұт Шыңғыстаудағы біздің ағайдың үйіне барып, қысырақ байлатып қымыз ішіп, бір айдан артық уақыт жатты. Сонда жатқанда мен бір жолы оған көңілін сұрай бардым.

Сұлтанмахмұт өте саналы болушы еді. Ол ауруым жұртқа жұқпасын деп, қатты сақтанады екен. Аурумын, емделіп жатырмын демей, кітапты көп оқиды екен. Төсегінің екі жағында көптеген классик ақын-жазушылардың, ақыл-ой кемеңгерлерінің кітаптары үйіліп жатыр еді. Солардың арасынан Л. Толстойдың, С. Надсонның, Бакуниннің, Плехановтың шығармаларын көзім шалды.

М. Әуезов

 

***

ӘЛКЕЙ МАРҒҰЛАННЫҢ ЕСТЕЛІГІНЕН

Махмұтты еске түсіру

Сұлтанмахмұт еш уақытта да өз айтқанынан басқаға көнгісі келмейтін. Мен бала кезімде Сұлтанмахмұтты екі рет жолықтырдым. Ұзын бойлы, құбаша жігіт еді. Ауылға келгенде, өзін басқадан жекелеп, ылғи ойға батумен, бір мәселелерді іздеумен уақытын алатын.

Сұлтанмахмұтта ешбір жеңілтектік, бос сөзге үйір болу деген жоқ еді. Ол оқымаған жай халықтың өз арасында отырса да, ылғи мәдениет мәселесі туралы әңгіме айтып отыратын. Екінші жағынан, Сұлтанмахмұт ауылда жүргенде дәйім адамның мінезін, психологиясын сынап, көңіліне жақпаған адамдар туралы отырған жерінде бір-екі ауыз өлең жазып, қалдырып отыратын. Сұлтанмахмұттың бұл тәрізді жазған өлеңдерінің көбі оның шығармаларына кірмеген сияқты.

Сұлтанмахмұттың дүниеде жек көргені арамза бай мен залым болыстар еді. Бір жылы жаз күні, мен әлі күні ұмытқаным жоқ, менің ауыл мектебінде оқып жүрген бала күнім еді, Махмұтты көруге бір көршілес ауылға бардым. Онда Махмұттың менімен ісі жоқ, тек жиналған халықтың алдында империалист соғыс жайында оларға әңгіме айтып отырғанын көрдім. Бір уақытта Махмұт пен біз қарайтын елдің болысы өзінің шабарманынан хат жіберіп, «біздің үйге келіп, қала жайынан әңгіме айтсын» деп Махмұтты шақыртыпты. Махмұт хатты оқып болған соң, болыстың шабарманына ашуланып қарады да:

─ Мен Поштай ауылына барып сауын айтатын шапқыншы емеспін, әңгіме іздеген кісі өзі келер! - деді.

Махмұттың бұл сияқты еркін сөзі ол кезде жат болатын. Махмұтты тыңдап отырған жұрт қуанарын да, қорқарын да білмеді. Бірақ есіктен шығып бара жатқан болыстың шабарманы өзінің әдетінше:

─ Шоқпыттың баласы, бұл да кісі болған екен! - деді.

Махмұт осы сияқты бірегей айтатын сөзін бөгеп қалмайтын турашыл болғандықтан, оны қалың бұқара өте жақсы көруші еді. Махмұт жүрген жер әрқашан жиын, базар болып, оқуға талпынған жас жігіттердің көбі оның төңірегінде жүретін.

Махмұтты ең соңғы рет 1919 жылы көрдім. Онда Махмұт аурудан әбден арықтап жүдеген. Мен ол кезде ашық еш нәрсені айырмайтынмын. Оқуға түсе алмай, Керекуде Мәшһүр - Жүсіптің Әмен деген баласының үйінде жатыр едім. Бір күні Сұлтанмахмұт келді. Әменмен сөйлесіп отыр:

─ Үміт деген нәрсе қашан да болса адамның серігі ғой, мен ауруымды жазып, сендермен бірге қызмет істегім келеді, - деді. Әмен ол кезде қазақтан шыққан большевиктердің бірі болатын. Сұлтанмахмұт менің жайымды сұрап, біліп, орысша оқып жүргеніме қатты шат болып, біздің ауылға бір бара алмай кеткеніне өкінді. Бұдан кейін Махмұтты көруге болмады.

М. Әлкей 1940, 22 май

 

ШӘЙБАЙ АЙМАНОВТЫҢ ЕСТЕЛІГІНЕН

Мен Сұлтанмахмұтпен жастан бірге өстім. Сәби шақтағы сатыр-сұтыр ойынды да, бала кездегі әліппиден басталатын оқуларды да бірге өткіздік. Екеуміз екі жаққа оқуға кеткен, екеуміз екі жақта қызмет істеген уақыттарда Сұлтанмахмұт екеуміз үнемі хат жазысып, достық, туыстық сезімдерімізді білдіріп отырдық. Сұлтанмахмұттың ең қиын шақтарында қаражат жағынан болсын, емдеу жағынан болсын қолымнан келгенінше көмек көрсетуге тырыстым. Ол қатты ауырған кезде Омбы қаласынан оқып алған дәрігерлік білімімді, тәжірибемді Сұлтанмахмұттан аяғам жоқ. Сұлтанмахмұттың өзін де, өлендерін де мен өте жақсы көруші едім. Сол себепті ме қалай, оның көптеген мінезі мен істері, өлеңдері мен сөздері менің есімде қалыпты. Соның ең нақты дегендерін айтып беруді борышым деп санадым. Олар төмендегідей еді.

Мен жас кезімде тұрымтай ұстауды, оған торғай, бөдене ілгізуді қызық көруші едім. Кей күндері Мақышпен (ол кезде Сұлтанмахмұтты еркелетіп Мақыш дейтін) бірге ойнамай, өз бетіммен тұрымтайыма торғай, бөдене ілдіруге кетіп қалып жүрдім, өйткені Мақыштыңөзі мен шақырғанда бұл қызыққа бармайтын, маған ермейтін. Бір күні жалғыз қалғанына ызаланды ма, әлде басқа ойы болды ма, мен тұрымтайымды қолыма ұстап отырғанымда,ол жаныма жетіп келді де, қолымдағы тұрымтайымды шапалақпен тартып жіберді.

─ Тұрымтайыма неге тиісесің?! - деп мен ренжідім. Сонда ол томсырая, кәдуілгідей салмақтана түсіп мынаны айтты:

─ Сенің тұрымтайың зорлықшыл, жыртқыш! Соны біле тұрып сен оған кіп-кішкентай кінәсіз құстарды жәбірлетесің. Мен сол үшін оны ұрдым. Сұлтанмахмұт тарс-тұрс ашулануды білмейтін, жәбірге көнбейтін ақылды бірбеткей еді. Мұқан молдадан оқып жүрген кезімізде оның осы мінезіне қызығып, біз Сұлтанмахмұтқа әдейі ызаландыру үшін жабылатынбыз. Бірақ ол тіпті де ашуланбайтын. Біздер онан сайын ерегісіп, оны түйебас қылуға шейін баратынбыз. Кейде Сұлтанмахмұттың бір жерлері ауырып та қалатын. Біздің бетімізді қайтармақшы болған Сұлтанмахмұт бір күні әкесіне ақ шоқпар істетіп алады да, сабаққа келгенде бізге көрсетпей бірге ала келіп, қардың астына тығып қояды. Сабақ біткен соң, біз әдеттегідей асыр салып, Сұлтанмахмұтты ортаға ала бастадық. Сонда Сұлтанмахмұт шегіншектеп барып, қар астына жасырып қойған әлгі шоқпарын суырып алып, бізге қарсы қасқая тұра қалып, сол арада қолма-қол мына өлеңді айтты:

─ Кәнекей, енді бәлем тиші маған!

Шоқпармен бір-ақ салып басың жарам.

Бәріңді дүркіретіп қуып тастап,

Үйіме батыр болып жалғыз барам.

Бұл өлеңді біздер сол арада жазып алдық та, шоқпарын тартып алып, сындырып тастадық. Ол еш ренжіген жоқ. Кейін бұл өлеңді бүкіл бала жатқа айтып жүрді. Бұдан бұрынырақ кезде, Сұлтанмахмұт екеуміз қыстың сары аязында ойнап жүрген кезімізде, мен байқамай оның ескі тымағының құлағын жұлып алдым. Сұлтанмахмұт біраз үндемей тұрды да, мені жақын кел деп шақырып алып, мына өлеңді айтты:

─ Тұмағымның құлағын,

Жұлып алдың, не түсті?

Үсиді - ау енді құлағым,

Міне, суық жел есті.

Не деп айтам апама,

Біліп қойса бұл істі?

Мен ұялып қалдым, ұялғанымнан өзімнің басымдағы тұмағымды кигіздім. Сұлтанмахмұт оны өзіме қайтып берді де, өз тұмағын жалпитып киіп алды. Мен оны үйге алып келдім. Шешеме тұмағының құлағын тіктірдім. Сөйткенше кеш болып қалды да, Сұлтанмахмұт біздікіне қонбақшы болды. Баласын көзден таса қылғысы келмейтін Шоқпыт іңірде жетіп келді. Бірақ Сұлтанмахмұттың біздің үйде екенін білген соң, тамақ ішті де кетіп қалды. Сөйтіп, түнде Сұлтанмахмұт екеуміз бірге жатып, ертеңінде оқуға бірге бардық. Біз осылайша күйеу Мағзұм, Садуақас молдалардан да бірге оқып, балалық шағымызды бірге өткіздік. Тек 1911 жылы ғана біздің ауылға Семейдің мұғалімдер семинариясын бітірген Ахметолла Барлыбаев дейтін мұғалім келіп, үш бөлімді бір кластық орысша мектеп ашты да, мен соған ауысып кеттім. Сұлтанмахмұт мұсылманша оқып қалып қойды. Бірақ қыс бөлініп, жаз ылғи табысып жүрдік.

Сұлтанмахмұт нені болса да салғастыра ойлап, оған өзінше сеніп барып иланатын еді. Бір иланса, одан қайтуы оңайға соқпайтын. Ал беті қайтса, сол минутында сілкіп тастап жүре беретін. Әсіресе, зорлық-зомбылық, әділетсіздік, алдау-арбау оның жүрегіне тікенектей қадалатын. Ол бұларға қарсы бар күшін сала күресетін, егер жеңдірмей бара жатса, бұлан- талан ашуланып, қатты ызаланатын.

Бір мысал келтірейік. Біздің елде Қарер, Қарабек, Хамза дейтін үш жетім бала болды. Қарабек безгек сияқты бір аурумен сырқаттанады. Баланың аңқау шешесі алдыңғы істерін білмей басқа елдегі бір тәуіпті шақыртады. Тәуіп қойдың өкпесімен қағып жазамын деп, бұлардың бір тоқтысын сойғызып тастайды. Бұл тәуіп осыдан бұрын елдің бір сырқат адамын емдеймін деп өлтіріп алған болатын. Мұны Сұлтанмахмұт та жақсы білетін. Қарабектікіне осы тәуіп келді дегенді ести сала ол жетіп келеді. Келсе, тоқты сойылған, тәуіп баланы ума-жума зікірлеп жатады. Сұлтанмахмұт «мұның не, тоқтыны неге сойғыздың» дегенде, тәуіп оның өзіне ұрсып маңайына жолатпайды. Сұлтанмахмұт ызаланып, ши астында жатқан оқтауды ала сала тәуіпті бастан періп қалады. Тәуіп балаға енді ем дарымайды деп кетіп қалады.

Сұлтанмахмұт жастайынан көп оқыды. Әуелде діни мектептер біраз уақытын алғанымен, ол кейін әртүрлі пәндерге, көркем әдебиетке жан-тәнімен кірісіп кетті. Сұлтанмахмұттың бір қасиеті - ол кез келген нәрсені оқи бермейтін, әуелі байқап, не білетін адамдардан сұрастырып көретін. Сұлтанмахмұт тіпті арабша оқып жүрген кезінің өзінде де сол оқитындарын өзінше қазақшаға аударып, талдап, «осылардың не керегі бар» деп отыратын еді.

Сұлтанмахмұт, әсіресе, көркем әдебиетті көп оқыды, көп жаттады. Абайдың, Ғабдолланың, Салтыков-Щедриннің, Лермонтовтың шығармалары мен ауыз әдебиетін,халық өлеңдерін жас кезінің өзіңде бас алмай оқып, ылғи жаттап жүруші еді. Кейініректе Л. Толстойдың, Гончаровтың, Кольцовтың, Некрасовтың еңбектерін де көп оқыды.

Соларға еліктеп өлең де жазып жүрді. Мәселен, ол Тройцкіде оқып жүріп жазғы демалысқа келген кездерінде бір ретте Ғ. Тоқаевтың «Шурале» деген лақап атпен шыққан «Яшин ташлар» (жасыл тастар) атты көк тысты екі жұқа кітабын ала келіп, ондағы сықақ, мысал өлеңдерін аудармақшы болды. Онда саудагерлерді, Құсайын қажыны келекелейтін, қыздарды әжуалайтын, сынайтын өлеңдер, әңгімелер көп екен. Сұлтанмахмұт соларға еліктеп, өзінше «Сымбатты сұлуға» өлеңін жазды. Ғабдолланың осы кітаптағы көп өлеңін жаттап алды. Ғабдолланың:

Акдүр пәки саплары,

Көкдүр пәки саплары,

Отыз бештә, қырқ бештә

Қыздың «мотур» шақлары, - дейтін кәрі қыздарды мазақтаған өлеңін әзіл етіп үнемі айтып жүруші еді.

Аты есімде жоқ, Ғабдолланың сол кітаптарының бірінде ұлтшылдықты мысқылдайтын өлең сияқты бір үйлесімді әңгіме болды. Онда асханаға келген біреу бұрышқа шашалып,жаман қиналады. Көзінен жас парлайды. Сонда көлденең біреу «неге жылайсыз» деп сұрайды. Бұрышқа шашалып отырған оқығандау кісі «Милләтім үшін» деп жауап береді.

Сұлтанмахмұт осыны өлеңмен аударды. Аудармасы тамаша еді. Ол өзінің «Тентектің жиған шоқпары» деп атаған қолжазба кітабын осыдан кейін жазды. Оған Ғабдолланың жаңағы кітаптарынан аударғаны, өз жазғандары енді. Қолжазба кітабы «Сымбатты сұлуға» өлеңінен басталатын еді. Бірақ ол кітабы кейін жоғалып кетіпті.

Сұлтанмахмұт өлең жазардың алдында көп ойланып, көп толғанатын, маңайындағының бәрін ұмытатын, жақын адамдарымен де сөйлеспей қоятын. Ол сол ойлану кезінде есінен танған адамға ұқсап кетуші еді. Басының төбесін саусағымен айналдыра беретін. Далаға жеке шығып кететін. Ал жаза бастаса - ақ, өте тез бітіретін, басқа нәрсемен еш айналыспайтын. Ол «Кедей» дастанын да, «Адасқан өмір» дастанын да бір-бір жұманың ішінде бітірген еді. Бұл екеуін жазарда кітапты көп оқып жүрді. Мен Герценнің кітаптарын да оқып жүргенін көрдім.

Сұлтанмахмұт Мәшһүр - Жүсіппен 1919 жылы талай рет кездесті: екі рет өзі іздеп барды, Баянауылда да талай кездесіп жүрді. Мәшһүр оның өлеңдерін көшіріп алатын еді. Әлі есімде, Мәшһүр Сұлтанмахмұтпен біздікінде бір кездескенінде: «Қобыланды тұқымынан шыққан батыр Қажымұқан болса, Торайғыр тұқымынан шыққан ақын сенсің», - деген еді.

Сұлтанмахмұт біздің жақта совет үкіметін орнату жолында көп еңбек етті. Ол ауыр сырқатына қарамастан ел ішінде волком сайлауын жүргізді, кедейлерді ел басқаруға, билікті өз қолдарына алуға үгіттеді. Көптеген баяндамалар жасады. Сөйтіп жүргенде ауруы асқынады. Ол сонда да ел аралаумен болды. Сол ел аралап жүріп, бір күні Баянауыл болысындағы Қаржас елінде Жанысбай дейтін байдікіне түседі. Сұлтанмахмұттың сырқат екенін және совет үкіметіне қызмет етіп жүргенін бұрыннан білетін Жанысбай волкомның уәкілі ретінде барған оған реңінің нашарлығын көріп, жөтелгенін көріп, жаны ашыған болып, ертеден жатқан алмастың бір қасық ерітіндісін береді. Сұлтанмахмұт менің әуелден ескертіп қойғаным бойынша:

─ Дәрігердің рұқсатынсыз ішпеймін, рахмет, - дейді.

─ Қарғым - ау, о не дегенің, мен осыдан жазылған жоқпын ба. Сен маған, - деп Жанысбай иландырады. Сұлтанмахмұт ішеді, бірақ артынша уланып, қолма-қол түнделетіп маған келді. Мен ол кезде Баянауылда болатынмын. Мен дереу дәрімен уытын қайтардым да, енді елге - Ақбеттауға барып, тынығу керектігін айттым. Сұлтанмахмұт менің айтқаныма көнді.

Бұл кез 1920 жылдың қысы болатын. Төсек тартып қалған Сұлтанмахмұттың өз үйінде жағдайы болмады. Сол себепті менің немере ағам Шернияздан өз үйіне апарып, жеке бөлмеге қойып күтті. Бөлменің ішіне қарағайдың бұтағын іліп, алмастырып отырдық. Қысырдың қымызын бердік. Әр түрлі ем жасадық. Сұлтанмахмұт біраз айығыңқырады да. Сол сергіңкіреген кезінде «Дала ақыны мен қала ақынының айтысы» атты дастанын жаза бастады. Бірақ көктемде сырқаты қайта демдеді де, содан әрі жазуға мүмкіндігі болмады. Күн жылынғаннан кейін Сұлтанмахмұттың өз қалауы бойынша әкесінің киіз үйін бір төбешікке тігіп, сонда күттік. Сұлтанмахмұт бұл кезде әбден әлсіреп, совет үкіметі жайындағы кішкене кітапшалардан басқа ештеме оқи алмады. Сөйтіп, аса қадірлі замандасым әрі туысым Сұлтанмахмұт 1920 жылы 21 май күні түстен кейін дүние салды да, ойлаған мақсатына еркін жете алмай, бастаған шығармаларын аяқтай алмай арамыздан кетті. Ол өзінің «Кім жазықты?» романын да қайта жазбақшы еді, мұнысы да орындалмады. Мен осының бәріне кейін күйініп те жүрдім. Сұлтанмахмұттың: «Қала ақыны мен дала ақынын» бітіре алмай барамын. Әр ақыңды өз қалыбыңда, өз ниетінде, өз сөзімен сөйлетіп едім. Бірақ мелистік қала ақыны деп отырғаным да совет ақыны емес, капиталистік қаланың ақыны еді. Поэманың соңында екеуін де техникаға жүгіндірмекші едім. Жиған-тергенімді тапсырғанда, осы жайды қадағалап айтарсың», - деген өлер алдыңдағы сөзі әлі есімде. Сұлтанмахмұт менен бір-ақ жас үлкен еді. Бірақ біз оны бәріміз де аға тұтатынбыз. Оның өлер алдында айтқан өсиет есепті ақылы да, бізге борыш етіп қалдырған тілектері де менің көкірегімде сақтаулы. Егер уақытым болса, Сұлтанмахмұт жөнінде өзімше арнайы очерк жазам ба деген ойым да бар. Мұның өзі марқұм Сұлтанмахмұт үшін де, оны сүйіп оқитын көпшілік үшін де пайдалы болар деп ойлаймын.

1960, 4-5 июнь

 

* * *

ДИХАН!

Хатыңды алдым. Рахмет, жаным! «Аға» деп ескеріп жазғаның шын достарынан айырылып, өмір шіркін махаббатсыз босқа қалды - ау деп түңілген* біз сияқты адамдарға зор өл, таянып, жақсылық, үміт. «Махаббатсыз» дегенімді «әлі де болса бір құшақтасқысы келеді-ау мұның» деп ұқпа: қара көз, имек қасты айтпа. Ол бір қазір бізге бүріскен, бүкірейген, көзі суалған кемпір болды. Ең күшті махаббат - шын жүректен сүйісіп, шын ниетпен тілдесер дос табылса, қайғысына да, қуанышына да ортақ болып жасасақ, қалған аз өмірдің азығы осында болар деп ойлаймын. Жүрегін ол ашса, жүрегіңді сен ашсаң, «мұнда не сыр бар» деген құрғыр ой жоқ болса, өмір азығы осындай махаббатта ғой. «Махаббатсыз өмір бос, хайуанға оны қосыңдар»* деген терең мағыналы сөз ғой. Құдай әдемі түр берген жоқ, бірақ таза жүрек, сұлу жан берді. Жан мен жүректің сүймеген жақсылығы қалған жоқ. Жалғыз-ақ, сол сұлу жан мен таза жүрек залымдыққа, қиянатқа, Өзінің қартайғанын айтып отыр. Абайдың сөзі дүниенің басқа да кір жағына бастырған жоқ. Біреуді жарға итеріп, батпаққа батырып,** соған күлдіре қаратып тұрғаны жоқ, адамның көз жасын қияметке ала кет дегені жоқ. Міне, өз өмірімнің осы жағына ризамын. Енді өмір кемесі қай жарға, қай тасқа соғарын өзі біледі. Жаға жақын, қалқып жылжып келеді. Қалған өмір аз және қызықсыз сұрғылт өмір (қартшылықты айтамын), көшпелі, көңілсіз қара бұлттай қалқыған өмір.*** Кім біледі қайда, немен тынарын. Алдымен айтып қояйын, үй-ішіне Мерген ұрпақты құшақтап көп сәлем айтамын. Нағашы жеңгей, ұмытпасам, Шәмшияға көп сәлем. Махмұт жайы - көп ойлантатын, көп толғандыратын іс. Шалқып жатқан терең, зор, мағыналы іс қой тіпті. Асықпа, көп ойланғайсың. Кітабына қарап, сөздерін талқылап басқан, қазынасы ақтарылып жатыр. Бір зор игілікті істі қолға алдың, бұл еңбегің зор, пайдалы еңбек болып шығатын іс, «капитальный труд» болар. Елімнің мен шын ұлы екеніме Тағдырдың өзі берер куәлікті**** .

Сұлтанмахмұт өзіне қалай сенеді!

Білімсіз талант тас екен,

Өмірің үшін қас екен*

Сұлтанмахмұт білімге қандай сеніп, осылайша ұғып аттанғандардың алды еді.

─ Маңдай термен жанды қиып, жігер етіп, Тұрмысты алып соқшы жағасынан**

Еңбекке, жігерге, принципке қандай күшпен аттанады, қалай шақырады, ә?!

─ Оллаһи, ант етемін алла атымен.

Орыс тілін білемін һәм хатымен.

История, география пәнді білмей,

Оллаһи, тірі болып жүрмеспін мен.

Сенемін, еңбек қылсам бақыт жақын,

Пайдасын көрер әлі-ақ ертең халқым...

Тұрмыстың оғы шыбындай,

Толықсып туар көңілімде - ай!

Бір мағыналы ой, күш түртіп,

Баққа ұмтылып тұр маңдай***

Осындай ойлармен білімге аттанғандардың алды болған Сұлтанмахмұт дін, соқыр сенім оқуынан түк мағына шықпайтынын әбден ұғып, олардан безіп, ғылым, білім орыс тілімен жазылған, орыста деп орыс тілін біліп, орыс кітаптарын ақтаруға бел байлаған жылдары ғой: «оллаһиы» - антын төпеп жатқаны.

Жеке адамға табыну кезінде көрген қорлығын шағады. Кәріліктің көп ойландыратын мезеттері еске алып отыр. «Сөзімнен баға бермес бұл халыққа» деген өлеңінен. «Лағнат бұлты шатырлап» деген өлеңінен. «Жаңғырып Алтай тауы саласынан» деген өлеңінен. «Өмірімнің уәдесі» деген өлеңінен.

─ Әйтеуір адам көрге бармай қоймас,

Асықпай-ақ қойсам да қоймас.

Ерте бастан өзімді ұйықтатпайын,

Көр ұйқысы ұзақ қой, қанбай қоймас ****

Осы төрт жолда қанша терең мағыналы ойлар бар! Бұл ауырып жүрген кезінде, ауруынан айықпайтынына әбден көзі жетіп, оған мойындамай жігерленіп асыға жаза бастап жүрген кездері еді. Мәликеге де:

─ Жар қимақ пен жан қимақ - бәрі бірдей,

Қидым, қидым! Амал жоқ қимағанмен*, - деген сөздері де осы уақытта айтылған сөздер. Ауру кездерінде ауыл Шідертіде еді. Түнде, әсіресе, айлы кештерде Шідертінің жағасында прогулка жасауды сүюші еді. Кейде жардың басында суға төніп отырған жерінен тауып жүрдім. Ұйқысынан оянған сұңқардай бойын түзеп алып, көзін жайнатып, керіліп аспанға бір қарап, ойынан тез айығып, жүріп кетуші еді. Отырғаннан жүріп жүргенді сүюші еді. Не жазатын пландарын айтып келе жатып, тынып қалып, кейде сүрініп кетіп, жығылып қала жаздайтын. Сол Шідертінің жағасында бір түні кейіпсіз, реніш, қайғылы халде болды. Көп ашылып сөйлемей келе жаттық.

─ Саған бүгін не ой түсті? Ауырамысың, неге ренжідің? - деп, неге қапа болғанына сұрауларды жаудыра бастадым. Ол үндемей келе жатты. Көптен кейін:

─ Сен білмейсің, жан қимақ пен жарқимақ бірдей - ау өзі, - деп тағы үндемеді.

Біраздан кейін:

─ Мақал деген көптің ұнатқан сөзі. Халық айтса қалт айтпайды. Бұл бір өзгермейтін шындық - ау өзі. Көз - көңіл айнасы дейді, жан мен жүректің айнасы деп неге айтпады екен? - деп тағы ойға кетті. - Мен, - деді, - бұл дертімнен жазылмайтыныма көзім жетеді, ақыры мені алады ғой. Бұл туралы көп брошюралар оқыдым. Аяғы ажалмен тынатын көрінеді. Сондықтан бүгіннен бастап Мәликені алмасқа бел байладым. Бекіндім, - деді де:

- Сен Мәликенің көзіне бір қарап көрші? Көзі қандай ашық, қандай терең сырлы, күлкісі қандай таза, жаны қандай таза, - деп, Мәликенің әр түрлі өзгеше жайын айтып мақтай түсті. - Бір жақсы адамға кездесіп, бақытты жасаған күнін көрсем, жаным жай табар еді. Неге көрдім, неге сүйдім, неге күйдім, неге қидым! Амал не қимағанмен, менен не бақыт табады. Маған тиіп, менен айрылып қалса, оның жаны мәңгі қасіретте қалмай ма. Онда Мәликелік заты жоғалады ғой. Қой, ол бақытты болсын! - деп, бірқатар қайғылы сөздерді айтып кетті.

─ Қойшы, Махмұт, жоқ сөздерді айтпай. Неге өзіңді ерте бастан қайғыға шомдырасың? - дегенде, кенеттен ойланып қалды да:

«Кедей» дастанының «Жақынынан айырылғандағы күйік» дейтін ІХ таруынан.

Бұл да сол тараудан

─ Жоқ, әншейін... сен не айтар екен дегенім ғой. Өмір алда ғой, бүгін өзімді де, сені де мұңға салып жібердім. Әншейін айтам. Жүр, апам ылғи жатар уақытта қымыз сақтап қояды, қымыз ішейік, - деді.

Үйіне келдік. Бибіш (шешесі) Махмұттың төсегін салып қойып, ұйықтамай күтіп отыр екен. Екеуміз келгенде, жайраңдап қымыз бере бастады. Махмұт бұдан кейін үш-төрт күн Лермонтовтың прозаларын оқумен болды. Көңілсіз, селсоқ жүрді.

Ой, Махмұт! Махмұт! Табиғат мұндай да гений жаратады екен. Сәкенді де көрдім, Махмұт қайда - түпсіз терең дария еді ғой. Ол жазғандарына онша көп мағына бермейтін. Жинап қояйын, сақтап қояйын деген ой онда болмайтын: ең байлық, ең дария - ертең мұнан да көп, мұнан да асыл табылады дегендей күйде болушы еді. Жарайды, бұл әзір осымен тұра тұрсын. Енді сенің сұрауларыңа келейін.

1914 жылы мен Омбыдамын. Ауылдық школға 1907 жылы түстім, 1908 жылы Омбыға гимназияға түсуге бардым, экзамен бердім, экзаменді жақсы ұстадым. Бірақ бізді Курачкин дейтін директор алмады: еврей сауда істеп күнелтеді, қазақ мал бағады, мен мына офицер мырзалардың балаларын қайда қоямын, бара беріңдер деді. Содан қайтып, Павлодардың қалалық мектебінде қалдым. Одан бір жыл оқып, Қарқаралыға русско - киргизское училищеге келіп түстім. ...13 жылы оны бітірместен, Омбыға дәрігерлік мектепке түсіп кеттім. Сәкен екеуіміз бір жыл барып түстік, ол семинарияға түсті. 17 жылы ең алғашқы қызмет Арқатта - Абай елінде басталды. Одан Баянға ауыстым. Махмұтпен, Мәшһүрмен кездесіп жүрген мұндағы пәтерім Бутаков Мишка дейтіннің үйі. Қаланың күншығыс шетінде. Терезесінен Сабындыкөл көрініп тұратын. Ат шабыс, ойын сол үйдің алдында болатын.

Махмұт Том қаласына, әрине, хат арқылы келісіп, ақылдасып кеткен. Ойы - орысша білім алу. Томды таңдап алғаны - Григорий Николаевич Потанин студенттер арасынан Әлімханды қалап, оған орыс балаларына сабақ бергізіп жүр дегенді естіп, Әлімханнан оқымақ болды. Томға барғандағы мақсаты: орысша оқу және Әлімханнан оқу. Зерек қазақ студенті ұғындыра біледі деген ой. Әлімхан да одан жақсылығын аяған жоқ.

Сұрауларыңның жауабы осы.

Троицк барсаң, Жаһанша Сайдалин деген адвокат, Әбубәкір ұмытпасам, Жамақұлов или Алдияров деген Махмұттың көзін емдеген врач бар, солардан бір пайдалы іс табылуы мүмкін. «Айқаптың» архиві сонда болу керек. Архивті тексерсең, онда Махмұттың қолжазбасы бар болар. Одан кейін, «Би баласы» деген атпен жіберген менің де басылмаған мақала, өлеңдерім болар. Басылған материалдардан табылып қалса, оны да ескере жүр. Троицкіге әуелі барып, екі-үш ай оқып, тастап кеткен медресесі - «Мадрасай расулия» деген Зейнолла ишанның медресесі. Зейнолланың баласы осы күні Уфада мүфти ғой.

Міне, қалқам, сұрауларыңның жауабы осы болар.

Өзім аман-есен тұрамын. Анда асығып қайттың. Жеңгеңнен көп сәлем. Жақсы сыйлай алмадым деп өкінеді. Аз уақыт, тығыз аттану болды дейді. Тағы да қош, тағы да үй-ішіңе сәлем.

Ш. Айманов,

Жамбыл облысы, Тоқмақ селосы,

28 июнь, 1960 жыл

 

ШӘЙМЕРДЕН ТОРАЙҒЫРОВТЫҢ ЕСТЕЛІГІНЕН

Сұлтанмахмұттың анасы Зүплен Қарауыл еліндегі Жадайдың қызы. Менің әкем Қожахмет пен Сұлтанмахмұттың әкесі Әбубәкір елден көшіп кетіп, жезделері Әнәпияны сағалап Шабан - Шаншар еліне барғанда, Әнәпиядан пәлендей жақсылық көре алмай, оның жылқысын бағады. Әнәпияның жылқысын бағып жүргенде Меңіреуді қыстайтын Оспан аулы Әбубәкірдің салығы болады. Ол көбінесе Жадайдың үйінде жатып, кір - қонын сонда жуғызып алады. Соның арқасында Жадайдың ұлыБәкенмен танысып, сол арқылы оның қарындасы Зүпленмен көңілдес болады. Бәкеннің көмегімен екі жақ құдалық ырымын істеседі.

Әнәпияның әйелі Шымпыр Әбубәкір мен Қожахметтің апасы, Әнәпия оны біздің жақтан 40 кісімен келіп әкеткен екен.

Зүпленді Әбубәкір (Шоқпыт) жиырма жасында алған. Төрт жылдан кейін Зүплен екі қабат болып, 1892 жылы қысқа салым Меңіреуде Сұлтанмахмұт туады. Сұлтанмахмұт жасында әдемі, толық, жылауды білмейтін сүйкімді бала болады. Жұрт оны қолдан-қолға түсірмей еркелетіп, өзін Мақыш деп атайды. Сұлтанмахмұт өзі де есейгенге шейін өзін Мақышпын деп жүрді. Тек 1911 жылы ғана, «Зарландым» әңгімесін жазғанда ғана бірінші рет олСұлтанмахмұт деген толық атты қойды.

Зүплен Сұлтанмахмұт туғаннан кейін екі жылдан соң Бәшенді (Байқоңыр) көтереді. Ол туғаннан кейін төрт айдан соң, 27 жасында, екі қарғасының қызығын көре алмай, Зүплен жастай қайтыс болады. Бұдан кейін Шоқпыт пен Қожахмет Қарауылдан өз елдеріне - Баянауылдағы Сүйіндікке көшеді. Шоқпыт Торайғыр көлін қыстап отырған Дүржанның қоңсысы болады. Дүржанның Қожахметтен басқа балалары ол кезде үйленбеген еді Сұлтанмахмұт екі-үш үйдің арасында жүгіріп жүрген жалғыз бала болатын. Ол Дүржанды «әке», Дарманды «әже», Жұматайды (менің шешем) «апа», Қожахметті (менің әкем), «қошақай» дейтін. Торайғыр - Сұлтанмахмұттың төртінші атасы. Біздердің өзіміздің ру аты болған Сүйіндіктен бері таратқандағы ата-тек шежіреміз төмендегідей:

Айдабол

Құлболды

Сүйіндік

Жанғозы

Төлебай

Едіге

Торайғыр

Әбет

Бөкет

Әбубәкір мен Қожақмет

Сұлтанмахмұт, Шәймерден.

Мен Сұлтанмахмұттың өмірі мен шығармаларының жазылу тарихын жеке кітап етіл жаздым. Ол Академияда сақтаулы. Оның бәрін келтіру мүмкін емес.

Шәймерден Торайғыров

1960, 15 июнь

 

НҰРКЕ ЖАНАЛИННІҢ ЕСТЕЛІГІНЕН

Мен Сұлтанмахмұтты 1919 жылдың октябрь айынан бері білем. Екеуіміздің ауылымыздың арасы 125 шақырым. Бізде - Баянауылда Боқырау жәрмеңкесі деген үлкен жәрмеңке болып тұрды, сол жәрмеңкеде мен Сұлтанмахмұтты бірінші рет көрдім. Ол ноғайдың үйінде жатыр екен. Сол үйге Сұлтанмахмұтты көруге сағат үштің кезінде өзім іздеп келіп, сәлем бердім. Оны көптеген жігіт қоршап отыр екен. Мені Сұлтанмахмұтпен Шерияздан деген немерелес ағасы таныстырды. Бірақ мен Сұлтанмахмұтты Шерияздан таныстырмастан бұрын да білуші едім. Сұлтанмахмұт сол кезде-ақ құрт ауруымен ауырып жүр екен, өйткені оның жанында түкіретін шынысы тұрды. Шынының аузын жауып ұстайды. «Аузын ашып қойса, ішіндегі құрт далаға шығып кетеді», - деп әзілдеп отырды Сұлтанмахмұт. Сол жәрмеңкеде жүргенімізде, сауда жасап жүрген орыстың, ноғайдың саудагерлерін көріп, Сұлтанмахмұт:

─ Осы күнде де сауда жасап жүрген орыстың, ноғайдың саудагерлерін мен ақылы жоқ ақымақ деп түсінем. Біз өзіміз осы күні уақытша Колчакқа бағынып отырған халықпыз, ал осы саудагер орыс, ноғай байларының ойына бұл кіріп те шықпайды. Әсіресе, міне, біздің Ақмола, Қызылжардың ноғай саудагерлерінің есі жоқ екен, - деді.

Сол уақыттың өзінде де Сұлтанмахмұт: «Сірә, менің өмірім ұзақ болмас, сонда да осы жаңа дүниенің, жаңа тұрмыстың, жаңа өмірдің шет жағасын болса да көрсем екен», - деуші еді.

Сұлтанмахмұтпен танысып, біраз әңгімелесіп отырғасын, қоштасып - амандасып кеттім мен. Содан елге барғасын мен ауырып қалдым. 7 январь күні Сұлтанмахмұт біздің ревкомның сайлауына келді. Сол ревкомның мүшесі болып сайланды. Сайлауда екі жақ болды: бірі - байлар жағы, екіншісі - кедейлер жағы.

Сол кедейлердің жағы Сұлтанмахмұтты ревкомның мүшесі етіп сайлады. Сұлтанмахмұт Далбан ауылына келгенде, мен де Сұлтанмахмұт сияқты туберкулезбен ауру едім. Мені ревкомның мүшелігіне Сұлтанмахмұт өзі сайлатып қойды. Содан ай жарым өткесін мен ревкомның қызметіне кірістім. Сосын май айы болып қалды. Сол кезде Сұлтанмахмұт қатты ауру деп хабар келді. Мен көңілін сұрау үшін Ақбеттауға жүріп кеттім. Келіп көңілін сұрасам, екі иығынан демін алып жатыр екен. Ол кезде май айының 15-16 шамалары еді. Сұлтанмахмұттың әйелі жоқ болатын ол кезде. Сонда Мәлике деген бір қызды Сұлтанмахмұт: «Мен бәрібір өлем, бірақ осы Мәликені алғаным болып есептелсін, қасымда бір-екі күн болса да отырсын», - деп қасына отырғызып қойыпты.

Сұлтанмахмұт мен барғасын менен сұрады:

─ Ал сен алыс жерден келген екенсің, сенің елің не болып жатыр? Біздің елде әлі совет заңы жүрмей жатыр. Бізде мына бір Жақып қажы деген пәле жасап жатса керек. Дегенмен, совет деген Жақып түгіл оның әкесіндей кісінің де мойнына жұлып алады ғой. Ал енді заман сендердікі. Менің бүгін-ертең құрт қолқамды қиюға жақындады. Мен сендерге көп түсіндіруге шамам жоқ. Елге қалай да тез еңбек сіңіріп, дұрыс басшылық етіңдер, - деді.

Нұрке Жаналин

1945, 22 май

 

КЕНЖЕТАЙ АЙМАНОВТЫҢ ЕСТЕЛІГІНЕН

Жасыңда Сұлтанмахмұттың маңдайында кекілі болды, білмеген адам оны әйел бала деп қалушы еді. Бетіңде шешектен қалған бұжыр даты бар сарғыш бала еді. Інісі Бәшен Шоқпытқа тартқан, Сұлтанмахмұты нағашысына тартқан деуші еді. Шоқпыт Қарауыл елінен көшіп келіп Бибішке үйленгеннің келер жылы тастан, топырақтан қалап, Торайғырға қараған жер шетіне жалғыз қыстап, үй салып алды. Қорасы да тастан қаланған. Үйдің қалыңдығын бір кездей қылып қалады, артық бейнет, артық расходқа қарамады. Су да алыс болды. Су алатын бұлақ барып-қайтуы үш шақырымдай еді. Малын Торайғыр көлінен суарды, қол де алыс, екі шақырым еді. Осы қыстауға бірнеше жыл қыстады. Оған қажымады, жалғызбын демеді, Сұлтанмахмұт пен Бәшеңді өзі оқыта бастады, үйткені өзінің аздаған арабша хат танитыны бар еді. Жаз ел жайлауға көшкенде, әйелінің жақыны Жақсылықтың баласы Тортай дегенді «балаларымды оқыт, сабақ бер» деп қолына ұстатады. Тортай домбырамен өлең айтатын, арабша бейіт айтатын еді. Өзі жас, түнде алтыбақан қасында болады. Шоқпыт оны талай алтыбақан басынан алып қайтатын.

Ел Келбет дейтін жайлауда, Шоқпыттар бөлек ауыл. Ай қараңғы. Түн. Біздің ауылдың қотанындағы қойы үрікті. Ауыл у-шу, шулап үрген ит. Бір лақ бақырып барады. Қасқыр алып қашып барады деп, барлығымыз қуып келеміз. Беті төменгі тас шұқыр. Бір уақта лақ жақтан адамның ойбайлаған дауысы шықты. Келсек, біреу біреуді сабап жатыр. Бұл не десек, лақ болып бақырып қашқан Шоқпыттың бала молдасы Тортай екен. Лақ бақыра жөнелгенде, Шоқпыттың қабаған шолақ төбеті жұрт айтақтап далаға шыққанда қуа жетіп, Тортайды алып тұрған. Іле жүгірген Шоқпыт Ақшолақ қасқыр алып жатыр ма деп келсе, молдасын талап жатыр екен. Айырып алдық. Шоқпыт айтады: - Мен мұны балаларымды оқытады, тәлім береді десем, мұның қылып жүргені мынау. Ендігәрі мұндай істеме. Сені көріп балалар не болады? Біздің ауылда да молда бар. Ауыл арасы жақын. Бізді Жұмат оқытады. Бірақ біз қой өрісінен барамыз. Ұйқымыз келіп қалғып отырамыз, түк ұқпаймыз. Шоқпыт олай оқытпайды, балалардың ұйқысы қанған соң асын беріп, сонан кейін оқытады. Тортайды бір-ақ жыл ұстады. Одан кейін Садуақас молдадан бәріміз бірге оқыдық. Біз бұрын хат таныдық. Мына екі бала кеш, бірақ бір айтып берген сабақты Сұлтанмахмұт жаттап алатын болды. Шоқпыт балалары өсе бастағанына өте қуанушы еді. Балалары не тілесе соны орындап тұрды. Өскен сайын Сұлтанмахмұт адамға жақын, жуас, бет - пішіні сүйкімді, жылы жүзді болды; өгей шешеге еріксіз жақты: өзінің ішінен шыққан баладай болды, басқалығы болмады. Сұлтанмахмұт қызықты бала еді: басқа балаларына артық ойнау, былғану, күлмен ойнау онда жоқ, қолы-басы таза. Көбінесе жұрт осы тазалығын ұнатады. Сұлтанмахмұт он бестен аса бергенде Мұқан молдадан оқыды. Мұқан молда Сары деген елден, Сары ішінде Тұлжан ұлы атанды. Мұқан өзі молда болса да, шариғат жолын көп күтпейтін еді. Өзі баласын орысша оқуға берген. Жақия дейтін баласы Омбыдағы медицинская школада оқып жүрді. Отырған жері күлкі, сауықшыл адам еді. Оқытқан балаларына басқа молдаларша дүре салмаушы еді. Шариғат орнына өлең жаздырып, өзі өлең жазушы еді, сабақ арасында бір-бір ауыз өлең жазып, балалардан оған жауап күтуші еді. Мұқаннан оқыған Сұлтанмахмұт пен Шәйбай көбінесе өлеңге қарай бейімделе бастады. Мұқан молда Сұлтанмахмұтты жазған жауабына ырза болып жақсы көре бастады. «Бұдан оқыған бала бұзылады» деп жұрт балаларын шығарып алды. Бір күні Шәйбай екеуіміз Махмұтқа барып қайттық деп Шоқпыттікіне бардық. Барсақ Махмұт үйде. Біз барып отырғаннан кейін, Махмұттың шешесі Бибіш:

─ Ойбай, сендер осы күлкілеріңді қойшы, жай жүріңдер! Мына Махмұт қымыз ішіп тұрған жерінен қымызын іше алмай, көрдің бе бүгін жылқышы Ахметтің қылған ісін? - деді.

─ Иә, не бопты? - дестік.

─ Бүгін Садық үйінің танғышын кесіп, киізін тіліп тастапты. «Мұны қылған Кенжетай, Шәйбай, Махмұт - үшеуі, мен көріп қалдым» деп бүлік салған жоқ па осында.

Біз таңдандық. Сонда Махмұт:

─ Осы Ахметті бір сабап берші, Кенже аға! Барғанда маған сүйген көзімен қарағаны құдайдың төріне кіргенімдей болушы еді, - деді.

─ Жарайды, орындайын, бірақ ақыма бір-екі ауыз өлең керек, - дедім.

─ Құп! - деді ол.

Махмұт тапсырған жұмысты орындап:

─ Менің тілегім не болды? - дегенде:

─ Кенже аға, ұмытып кеттім, өйтсе де, - деп қарындашын алып мынаны жазып берді:

─ Ақ сәуле, күміс жүзді, құндыз қабақ,

Сен - гүлсің иіс шашқан жарып сабақ.

Болғанда көзің - жақұт, етің - торғын,

Қасың - ай, шашың - жібек, мамық тамақ.

Жүзің - нұр, сөзің - алма, аузың - алтын,

Самород, құспасы жоқ нағыз балқып.

Шомылған сұңқар бойың нақ гауһарға,

Бұрқырап нұр төгілсін, маған талпын?

Бір сенсің дүние көрген көзім нұры,

Жарқырап жаным тартар, көңілім гүлі.

Егілген ер көңілім қол сермейді,

Тартса да аспаннан кеп жұмақ хоры.

Жан сәуле, кеуде күйген, жүрек жалын!

Кеудем от, жүрегімнің байқа қалың?

Дауасы ауыр дерттің - жалғыз сенсің,

Қолың бер кетсін қайғы, сөнсін жалын!

Міне, осы өлеңді домбырамен өнге салып айтып жүрдім.

1911-1912 жылдарда Сұлтанмахмұт оқимын деп Керекуге барды. Басқа да оқу іздеді, бірақ таба алмады. Онда кейін Тройцкіге барам деп талап етті. Шоқпытта оқытатын хал жоқ және баласының білгенді біреуге молдалыққа тұрып бала оқытуын қалады. Осы турада Махмұтқа көп ой түсірді. Шәйбай арқылы Шәйбайдың әкесі Аббасқа айтқызды. Аббас - оқыған адам, адам қарайтын дәрігер. Оқимын деген баланы жақсы көретін және Шоқпытқа айтатын: «Осы балаңды оқыт, осында бірдеме бар, ойлы адам болады, бұл тек адам болмайды», - деп, Сұлтанмахмұт оқуға жүрмек деген сөз құлағына тиісімен өзі басшы болып Махмұтқа қаражат жинап берді. Бергендер - Шерияздан Айманов, Аббас Айманов, Садық Қорабаев, Қамар Қасымов тағы осы сияқты.

Тройцкіге барып бірер жыл оқып, 1914 жылы қайтып келді. Сұлтанмахмұт өскен, білім алған, бірақ қаражаты кемдігінен бітірмей қайтқан. Ғабдолла Тоқаевтың сөздерін көп жинаған. «Айқап» журналын алып оқитын болған. Көп шығармалар шығарған, журналға да сөз жазған. Біз ортамызда Махмұт сықылды адам болғанына өте қуанып қалдық. Сұлтанмахмұт біздің бұл қуаныштымыз бен үмітімізді өле-өлгенше ақтап кетті.

Айманов Кенжетай,

1941, 20-25 март

 

ӘЛІМХАН ЕРМЕКОВТЫҢ ЕСТЕЛІГІНЕН

1916 жылдың күзінде Том қаласына (ол кезде біз қазіргі Томск қаласын осылай атайтынбыз) сырқатын емдеуді және орысша оқуды арман етіп Сұлтанмахмұт келді. Менің Таутехнология институтында оқып жүрген кезім еді. Ол Томға келісімен мені іздеп тапты. Әрине, мен Сұлтанмахмұтты «Айқап» журналы бойынша бұрыннан білетінмін. Ол сол өзімнің ұғымдағыдай жігіт болып шықты.

Сұлтанмахмұт маған шу дегеннен-ақ ұнады, себебі ол алғаш көріп отырған адамым ғой, бірінші рет кездесуім ғой деп тартынбайды екен: ашық сөйлеп, ішкі сырын, саяси түсініктерін именбей жайып салып отырды. Ол кезде қазақ даласында ұлт-азаттық көтерілісі жүріл жатқан. Шай басында осы жайында әңгіме қозғағанымызда,Сұлтанмахмұт:

─ Сіз сағынғандықтан ба, әлде патша өміріне қарсы шыққандардың жағдайын жете білгіңіз келгендіктен бе, әйтеуір менен елдің халін көп сұрайсыз. Сонда сіз соғыс майданына қазақтардың жігіт бергенін жөн деп ойлайсыз ба немесе оны қырылу деп ойлайсыз ба? - деді.

Оның сұрақтары нақ, дәл және пікірлі болушы еді. Мен былай дедім:

─ Кім білсін, бермесең өз жерінде қырады, ауыл-аймақ, бала-шаға бірге кетеді; берсең майданда қырылады, онда ел аман қалады. Бірақ жігіттерсіз елде не сән қалады? Ендеше беру де жақсы емес. Мұның өзі бас шатыстыратын нәрсе. Менің елмен, қазақ оқығандарымен байланысым шамалы, олардың не істеп жатқандарын, не ойлайтындарын мен білмеймін.

Сұлтанмахмұт ішінде бір құпия сыр бардай біраз ойланып отырды да мынаны айтты:

─ Иә, қырылыстан былайда - былайда қашып құтылуға болмайды. Бірақ күреске шыққандардың өз жерінде тірегі де, күші де мол болады ғой.

─ Сен күш көрсетуді жақтайсың ба? - дедім мен.

─ Жақтаймын, бірақ ақылды күш болу керек, - деп, Сұлтанмахмұт тағы да терең ойға шомды. Тегінде ол халық, бостандық жайын айтқанда ашына, қобалжи, қайғыра сөйлейтін адам болды ғой деп ойлаймын.

Сұлтанмахмұт «Орыс тілінсіз ғылым, мәдениет жоқ қой» дей отырып, келген бетте сырқатын емдету жайынан гөрі осы жағын баса айтты. Мен ол кезде өзім институтта оқи жүріп, қалада тұратын еврей, орыс балаларына орыс тілінен жалданып сабақ беретінмін. Олар әжептәуір ақша төлеп тұрды. Мұны білген Сұлтанмахмұт бір күні:

─ Орыс тілі бұларға өте қажет болғанда, бізге тіпті қажет қой. Мен «нан сұрарлық болса жетеді» дейтін орыс тілі үшін емес, үлкен кітаптарды оқи, түсіне алатын, реті келген жерде орысша жазып жіберетін орыс тілін үйренгім келеді, - деді.

Мұнысы - маған оңдап оқыт, көп үйрет дегендегісі еді. Мен Сұлтанмахмұттың бұл тілегін өз шамамша орындап бақтым. «Кедей» поэмасының эпиграфын орыс тілінде жазуы осының нәтижесі ме деп ойлаймын.

Мен Сұлтанмахмұттың талабына өте разы болдым. Бірақ ең әуелі қаладағы атақты бір терапевтіге көрініп, емделуін мақұл көрдім. Біз бұл мақсатымызға жеттік те. Сонда әлгі дәрігер Сұлтанмахмұтты емдегені үшін 50 сом ақша алды. Ақшаны төлегенде Сұлтанмахмұт қатты күйініп:

─ Бұл не деген сұмдық! Жақсылықты ақшаға сату адам үшін ұят емес пе? - деді.

─ Оған үкімет ақша бермесе, дәрігер не істемек? - дедім мен.

Сұлтанмахмұт түсінді:

─ Мен ақшамды аяп немесе дәрігерді кінәлап тұрғаным жоқ. Бүкіл адамға ортақ әрі өте қажет жақсылықтар бар ғой. Мәселен, емдеу, оқыту сияқты. Осылар тегін болуы шарт емес пе? Өйткені, біріншіден, әркімнің де ауырса емделгісі келеді, екіншіден - әркімнің де оқығысы келеді. Ал осыларға жаңағыдай қымбат еңбек ақы алатын болса, соған үкімет душар етсе, онда әлгі әркімдердің бәрі бірдей жаңағы жақсылықтарды көре бермейді ғой. Менің де көп сандалуым мен жүдеушілігімнің күре тамыры осында жатыр, - деді.

Сұлтанмахмұттың бұл сөзі маған ұнады, бірақ мен де сол тұста жалданып бала оқытатын адам болғандығымнан көңіліме алыңқырап:

─ Мені де қинамай, тегін оқыт дегенің ғой, - деп күлдім.

Сұлтанмахмұт кенет ойлана қалып, артынша мынаны айтты:

─ Құдай сақтасын. Менің пікірлерімнің бір шеті келешекте жататын сияқты. Жасым кіші болса да, мен сізден өтінейінші - менің жаңағыдай сөздерімді өзіңізге қарай бейімдей бермеңіз. Мүмкін, мені сынап көргіңіз келетін шығар, онда рахмет айтамын.

Мен кідірместен жауап қаттым:

─ Жақсы. Бірақ мен сенен сабақ оқытқаным үшін де, сынағаным үшін де ақы алмаймын.

Сұлтанмахмұт үндемеді. Бірақ кейініректе:

─ Мен сізді тегін оқыту жолына қарай бастадым ғой деймін. Менің сізге ақша төлемеуімде қазақшылық та, туыстық та жоқ екеніне сеніңіз, - деді.

Сұлтанмахмұт Томда өлең, шығарма жазумен шұғылдана қойған жоқ. Мұның екі себебі болды: біріншіден, ол түгелдей орыс тілін үйренуге беріліп кетті, екіншіден, денсаулықты да сақтау қажеттігін мен үнемі ескертіп отырдым.

Сұлтанмахмұт өте алғыр еді әрі оқығандарын өзінше ойластырып барып қабылдайтын. Ол бір қыстың ішінде орыс тілі грамматикасын, әсіресе синтаксисі мен этимологиясын жете меңгеріп алды. Орысша жақсы сөйлемегенімен, жазуға, ұғынуға келгенде өте жетік болып шықты. Ол менің үйімнен Л. Толстойдың, Руссоның тағы басқа саяси брошюра кітаптарын оқып жүрді және оларды терең түсінетін еді. Сұлтанмахмұт қыс ортасында қаражатсыз қалды. Мен оған көмектесіп тұрдым. Ол көбінше біздің үйде болды. Сөйтіп жүргенде февраль революциясы болды да, март айында екеуміз де Семейге кеттік. Оның жол қаражатын мен көтердім. Семейде ол алашорда құрған қазақ комитетінің кіші хатшысы, ал мен жер мәселесі бөлімінің мүшесі болып істедік. Комитеттің басшысы Омбыда оқыған Райымхан Мәрсеков дейтін еді. Сұлтанмахмұт мұнымен шу дегенде-ақ келіспей жүрді, тіпті ұрысып, төбелесуге шейін барды. Анығын айту керек, екеуін райластырып, Сұлтанмахмұттың біраз жүріп қалуына мен себепкер болдым. Сұлтанмахмұт мені ұстазым деп жүгіне сыйлап, тілімді алатын еді. Ақыры ешбір жылы сөзге жүгінбей, менің де тілімді алмай 1918 жылдың февралында еліне кетіп қалды. Осыдан кейін мен де ала көңіл бола бастадым. Ақыры алашорда басшыларына жақпай, 1918 жылғы земство сайлауына да шақырылмай қалдым.

Сұлтанмахмұтта менің байқауымша, жалпы адамгершілік, әділдік, адам ғұмырының ұзақ болуы, бақыт, теңдік сияқты гуманистік тілектер басым еді. Ол қандай мәселе жайында әңгіме қозғасақ та, ылғи осы тұрғылардан қарайтын, белгілі бір саяси бағытты, белгілі бір партия жолын берік ұстанбайтын сияқты еді. Рас, Сұлтанмахмұтта идеялық нысана берік болды, бірақ ол идея белгілі бір саяси ағымға, партияға берілгендіктен емес, халық мүддесінен, өз сенімдерінен туып жататын. Осыған қарағанда, мен Сұлтанмахмұттың қоғамдық бағыты да, саяси көзқарасы да, партиясы да әділдік пен бостандық па деп ойлаймын.

Бостандықты ол кезде қазақ оқығандары екі түрлі бағытта түсінетін: біріншісі - иісі қазақты Россиядан бөліп әкету. Бұл - нағыз ұлтшылдық. Екіншісі - қазақ халқын екі жақты езілуден құтқару. Сұлтанмахмұт осы соңғы бағытта, яғни демократтық бағытта болды. Өйткені Сұлтанмахмұт февраль революциясы кезінің өзінде бай, кедей деп бөліп, маңындағылардың ойын, ісін, қызметін кедейлерге тигізер пайдасына қарай бағалайтын.

Сұлтанмахмұтта ұлтшыл деген пікірлер де болған сияқты. Менің ойымша, ұлтшылдықты адамның болған жерінен, оның солармен аралас жүруінен, онда қызмет істеуінен емес, беталдысының жалпы бағытынан, ішкі дүниесінен іздеу керек. Осы жайды ескергенде, Сұлтанмахмұт ұлтшыл болып шықпайды. Сондықтан ол бес-алты ай ұлтшыл болды, кейін түсінді де безіп кетті деу қисынсыз. Өйткені идея жолындағы адамның сырт әрекеті заман түріне қарай өзгергенімен, ішкі мүддесі сол күйінде қалмақ. Оны өзгерту үшін көп уақыт, тарихи жағдайлардың тұтас бір жүйесі қажет.

Әрине, адамға мінездеме беру үшін, онымен ұзақ уақыт бірге болып, іштей де, сырттай да араласып кету керек. Ал мен Сұлтанмахмұтпен бас-аяғы бір жылдай ғана бірге болдым, оның өзінде де Сұлтанмахмұттың істес, сырластығынан гөрі шәкірттік мінезі басым еді.

Ол өзін менің алдымда тұйық ұстайтын, өйткені сыйлайтын. Алайда, сол аз уақыттың ішінде мен Сұлтанмахмұттан ерекше бір қасиетті аңғардым, ол - өткір сабырлылық. Мен осы өткір сабырлылықты оның шығармаларынан да көремін.

Әлімхан Ермеков,

1960, 11 июнь

Сайт бойынша іздеу

Яндекс.Метрика

Рейтинг@Mail.ru