Войти Закрыть
---

Виртуальная энциклопедия Султанмахмут Торайгыров

---
Негізгі / Поэмалары
A+ R A-

Поэмалары

Печать PDF

Поэма жанрындағы Сұлтанмахмұттың алғашқы туындысы - «Таныстыру». Бұл шығарма 1917-1918 жылдың қысында Абай елінде жазылған. Денсаулығына байланысты ел ішіне кеткенмен, 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейінгі жағдай, патшаның тақтан кетуі, Алашорда партиясы мен үкіметінің құрылуы әлі де ізі суымаған, ақынның ой-сезімін қозғаған, азаматтық намысын жаныған оқиғалар еді. Ол Семейде қазақтың ұлттық тәуелсіздігі туын көтерген Алаш партиясына тілектестер ішінде болды. Оның жолын қуаттап «Алаш ұраны» мен мақалалар жазды.

Алаш туы астында
Күн сөнгенше сөнбейміз.
Енді ешкімнің Алашты
Қорлығына бермейміз.
...Өлер жерден кеттік біз,
Бұл заманға жеттік біз.
Жасайды, Алаш, өлмейміз! –

деп жар салды. Өлең әрі қарай Алаш ісіне адалдықты, оны қолдауды уағыздайды, бірлікке, ел тұтастығы үшін күреске шақырады.

«Таныстыру» осы әсермен жазылған. Поэма Алашорда үкіметінің белгілі қайраткерлерімен таныстыру мақсатын көздейді. Ол оқыған адам мен қара қазақтың диалогына құрылады. Қара қазақ аумалы-төкпелі осы заманда кімге сүйеніп, кімге сенеміз деген сұрақ қояды да, оқыған оған жауап береді. Алдыңғы кезекте ол Әлихан Бөкейхановты, Ахмет Байтұрсыновты, Міржақып Дулатовты таныстырып, олардың қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы жалынды енбегін зор бағалайды.

Дулатов, Байтұрсынов, Бөкейханов
...Бірі - күн, бірі - шолпан, бірі - айым, -

дейді. Оларға ертен жастар ішінен Әлімхан Ермековті, Халел Ғаббасовты, ақын Шәкәрім Кұдайбердіұлын, қазақ мәдениетінің белгілі қайраткерлері Нәзипа, Нұрғали Құлжановтарды тандап алып, олардың еңбегіне сипаттама береді. Ақын ойлары жалаң баяндалмай, образ ашар бейнелі сөздер мен суретке құрылған («Меніңше, Ермеков деген бала, ұқсайды ұшқыр қыран қаршығаға») немесе Ғаббас туралы айтқан: «Ызаны ұмыта алмас өшін алмай, ондайға іші зәрлі, сырты балдай. Өзі айтпаса, тұсінен ұқтырмайды, екенін жүректегі ойы қандай» деген сияқты).

Сол кезде Семейде болған іс басындағы адамдардың бәрін таныстыру міндетін алғанмен, ақын оның бәрін жаппай мадақтай бермейді. Көбіне сын көзімен қарайды, оларды еңбегіне қарай бағалайды. Акынның осындай жолмен таныстыратын кейіпкерлерінің ішінде Мұқыш Поштайұлы, Жақып Ақбайұлы, Райымжан Марсеков, Сатылған Сабатаев сияқты азаматтар бар. Олардың сыпаттамасы да ақындық оймен, суреткерлікпен берілген.

Атап айтуға тұрарлық бір нәрсе - Сұлтанмахмұттың ақындық талант туралы айтып отырып Абайға берген мінездемесі. Абайды ол қазақ әдебиетінің оған дейінгі үлгісінің бәрінен жоғары қояды, білімсіз талант көп адастырған ақындар тобынан Абайды бөліп алады:

Абайды дейік биік бұлтқа жетті,
Аз ілімі жетуіне жәрдем етті.
Алты алашқа атағы айқындалып,
Сүйікті, тағзым мінді, суретті.

Толстой онан биік күнге жетті
Күн астындағы елдерге даңкы кетті.
Алса егер Толстойдың тәрбиесін
Абай да көрсетер ед сондай кепті, -

деп жазады. Өз заманының ойшыл ақындары ішінен Сұлтанмахмұт Шәкәрімге бөлекше қарайды, оның ойшылдығы жалғыз қазақ емес, бүкіл адамзатқа ортақ деген пікір айтады:

Бұл қазақтың мақсұты - биік, алыс.
Таппаса да сөзіне құлақ салыс.
Қазақ деп жекелеме, адамзат де,
Ол кісінің пікірімен болсаң таныс. ...

Демеңіз тымақ киген жай бір қазақ,
Киген киім, жүрісі, түріне қарап.
Надандар оны өлшейтін өлшеуіш жоқ,
Аулақжүр, біле алмайсың жай шамалап.

«Таныстырудың» идеялық мазмұны осы айтылғандардан-ақ байқалады, ақын жеке адамдарды бағалағанда, олардың адамдық, қоғамдық еңбектерін халыққа, еліне сіңірген қызметімен өлшейді, ел басшылығына дәмелі адамдарға салмақ артады, сын айтады. Мұның өз кезінде, заман халық ішінен шыққан қайраткерлерді іріктеп жатқан тұста, айрықша маңызы болды. Сұлтанмахмұт елді ойлы, білімді басшылардың маңына бірігуге үндеді.

Өкінішке қарай, бұл шығармаларды Сұлтанмахмұттың сол тұста жазған тағы басқа бірқатар еңбектеріне (мысалы, «Айтыс») қоса ескілікпен,  ұлтшылдықпен  байланыстырып, көп уақыт ауызға алмай келдік. Оларға дәуірдің кезеңді оқиғаларынан, уақыт пен кеңістіктен тыс қарадық, халықтардың ұлт-азаттық қозғалыстарына, ой-пікірдегі, қоғамдық жүйедегі революциялық өзгерістерге қарсы қойдық. Көп мәселелерді талдауда тұрпайы социологиялық принципке бой алдырдық. Соның нәтижесінде тұтас ақынды, тұтас көзқарасты бөлшектеп, оның эволюциялық өсу жолына дұрыс баға беруден аулақтап қалғанымыз да жасырын емес. Бүгінге дейін Сұлтанмахмұттанудың үлкен бір қатесі осымен байланысты.

Ал шын мағынасыңда, Сұлтанмахмұт - ұлы ақындардың бірі. Қайшылығы, қателері болған шығар, бірақ ол оның ұлылығын кішірейтпейді. Заманы ауыр, жүрген жолы қиын болды. Ол заманда кімге жеңіл болды дейсіз? Оның пікірлес, тілектес ағалары - бәрі де кейін келмеске кетті. Көп уақыт ақынның замандастарынын өзі - М.Сералин, Ә.Тәңірбергенов, С.Дөнентаев шығармашылығы жөнінде де қайшылықты пікірлер үстем болып келді. Таланты жағынан әр қилы болғанмен, осылардың бәрінін негізгі бағыты бір еді, демократтық идея үшін, елдің азаттығы, тәуелсіздігі үшін, отаршылдыққа қарсы күрес - XX ғасыр басындағы ақындар шығармаларына ортақ тақырып болды. Осы адал пікірі үшін, халқын   сүйгені   үшін   «ұлтшыл» атанды. Осылардың   ішінде қоғамдық, әлеуметтік шындықты батыл, анық айтып, реалистік тұрғыда суреттеуде Сұлтанмахмұттың мойны озық тұрады. Оның шыншыл шығармаларында трагедиялық сарын басым келеді. Ол жан-жақты қыспақтағы, тарих көшінен кеш қалған қараңғы халқының трагедиясын көре білді. Ақын өзі халық өкілі болып жоқшылықтан, надандықтан шығудың, өнерге ұмтылудың қиын жолын кешті, көп ізденді, өзі айтқандай, «шындықтың ауылын іздеп», таба алмай адасты, бірақ оның ізденісінде тыным болған жоқ. Оның:

Іздедім, іздесем де таба алмадым,
Табам деп өзімді өзім неге алдадым?
Адамнын адам аты ақталмайды,
Бейнет қып, бар білгенім - соны аңғардым.

Немесе

Бұл күнде адасудан көз ашпадым,
Не нәрсені көздесем, тап баспадым, -
Дүниеден басқа рахат тілемеймін,
Кеш, арым, мен білместің адасқаның, -

деуі де сондықтан. Ары таза, пікірі ашық адамның заманы мен замандастарына айтқан сыры бұл. Сондықтан ақын өмірінін жеке детальдарын емес, оның негізгі даму, өсу тенденциясын үғу керек.

«Айтыс» (1919) та осы жүйедегі дұрыс түсінілмей, әр қилы пікірге ұшырап жүрген поэманың бірі. Бұл - ақынның соңғы, әрі аяқтай алмаған шығармасы. Мұнда ол дала ақыны мен қала ақының айтыстырып, сол арқылы қала мен даланың әрқайсысының өзіне тән артықшылығын және қайшылықтарын талдайды. Дала акынының сөзін басымырақ ұстап, Сұлтанмахмұт соның аузымен қазақтың жерін, табиғатын, елін, ел басшылары мен батырларын, ақын-жазушыларын, салт-дәстүрін мақтан тұта жырлайды. Қазақтың тілі мен дүниетанымының биіктігін («байқасаң қазақтың өзінде бар, дүниенің генийлігі, пайғамбары») суреттейді. Даланы ол қалаға қарсы қойып, онын у-шуын, адамдарының дала адамдарындай кеңпейіл еместігін, жіктелушіліктің молдығын, әділетсіздікті ашып көрсетеді. Сірә, қаладағы өмірін оқу іздеп, үнемі жолы сәтті болмай, көп қиыншылыкпен өткізген Сұлтанмахмұттың қала туралы әсері жақсы болмаған болуы керек, ол көбіне даланы баса айтып, тіпті оның көрер көзге оғаш кертартпа әдет-салттарын, емші бақсы-балгерлеріне, «қайырымды байларына» шейін асыра мақтап жіберетіні көзге шалынбай қалмайды. Сонымен бірге қала ақынының аузымен ауылдағы алауыздық, барымтаның, партияның күштілігі, ғылым-өнер жоқтығы сыналады. Жер мен бай күштінікі екені ашылады. Қала өнерін, білімін, келешегін мақтан тұтады. «Айтысты» мансұқтаушылар кезінде оның «феодалдық ескілікті мақтауын» тілге тиек етті. Алайда бүгін көне дәстүрлерімізді жаңғыртып, еліміз бен жеріміздің байлығына өзіміз ие бола бастаған тұста, елдік пен оны қорғау дәстүрлерін қайта қарап жатқан кезімізде, «Айтысты» қайта оқу, оны бүгінгі керегімізге жарату әбден орынды болмақ.

Сүйемін туған тілді - анам тілін,
Бесікте жатқанымда берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутымнан
Құлағыма сіңірген таныс үнім.
Сол тілмен шешем мені әлдилеген,
 Еркелеткен, «құлыным», «жаным» деген.
Сол тілменен бірінші білгізілген,
«Ана» деген сүйгендік сөз әніменен –

деген жолдар бүгін қалай актуальды естіледі! «Айтыс» - қазақтың ұлттық психологиясынан туған, соны жырлайтын шығарма. Нағыз поэзия қашанда әуелі халқына, ұлтына, сол арқылы адамзатқа қызмет етпек. Өйткені ол адамды сүюге, болашаққа сенуге үйретеді, «Айтыстан» алатын тағлым да осындай. Мұнда да адал, шыншыл, ізденімпаз, драмалық шиеленіске толы, қуаныш-қайғысы аралас ақын тағдыры суреттелген.

«Адасқан өмір» (1918) поэмасының да негізгі сарыны - қоғамдағы әділетсіздіктің, теңсіздіктің себептерін ашу және теңдік жолын іздеуге талпыну. Сұлтанмахмұт бұл поэмасында жалпы қазақ ауылындағы әлеуметтік теңсіздіктің шеңберінен шығып, бүкіл капиталисте қоғамға тән әділетсіздіктер жайын қозғайды. Сол қоғамның іріп-шіріп, азғындап бара жатқан белгілерін танып, адам баласының қанаудан кұтылып, өз еңбегімен күн көретін, өз талантын халық игілігі жолына жұмсайтын кезін - бакытты өмірді аңсайды.

Поэма 1918 жылдың аяқ кезінде жазылған. Бұл кезде ақынның туған жерінде Колчак үстемдік құрып, Ресейдегі капиталист монархтық қоғамдық құрылысты сақтап қалу үшін күрес жүргізіп жатқан болатын. Сұлтанмахмұт ескі қоғамның негізі шіріп біткені, оның қайта жасауға мұршасы жоғын батыл көрсетеді.

Поэма бес бөлімнен тұрады. Бұлардың бірі - адамның сәби шағын, екіншісі - жігіт шағын, үшіншісі - ұлғайған, токтаған кезін, төртіншісі - кәрілік кезін, бесіншісі - өлген мезгілін суреттейді. Адам өмірінің барлық кезеңін суреттеу арқылы ақын өмір сүрген қоғам жағдайындағы адам тағдыры жайлы философиялық ой түйеді.
Поэма лирикалық кейіпкердің атынан баяндалады. Лирикалық кейіпкер өзінің туған күнінен бастап, өлгенге шейінгі өмірін әңгімелейді. Өмірде не көрді, әділеттілік пен әділетсіздік қайсы? Оны тудырып отырған жағдай қандай? Ақын осы сұрақтарға жауап іздей отырып, капиталистік қоғам кезіндегі адамның өмір сүру жағдайларын жан-жақты ашып береді.

Адам өмірі уайымсыз, қайғысыз, кіршіксіз таза сәбиліктен басталады. Ол кезде бала алдау, арбау, қайғы, дос, қас, бай, кедей, орыс, қазақ дегендердің ешқайсысын білмейді. Оның ұғымын кеңейтетін, тәрбие беретін - орта, қоғам шындығы.

Мен сыйлар деп, дүние, келдім, міне,
«Бір жас» деп есігіннен ендім, міне,
Мен азатпын, мен ақпын, мен өсемін,
Не кылсаң да басымды бердім, міне.

Кім біледі, коярсың еркімді алып,
Кім біледі, қоярсың көркімді алып.
Кім біледі, бұл ерік, бұл көріктін,
Жоғалғанын білмеспін қайда қалып.

Поэманың лирикалық кейіпкері өмірге осындай ұғым-түсінікпен, күдікпен келіп кіреді. Жігіт болып ес жиған кезде де ол өз ортасынан ыңғайлы кәсіп, өз өмірі мен халық мүддесін қабыстыратын пайдалы жол таба алмайды. Ол бай болуды да, әкім, әскер басы, ғалым болуды да таңдап, байқап көреді. Бірақ осының ешқайсысынан өз басына қажет азаттық пен әділеттік таппайды. Сөйтіп олардың бәрінен безіп шығады.

Ақын кейіпкердің аталған жолдарды таңдаудан бас тарту себебін қоғамдық әділетсіздік фактілерімен дәлелдейді. Бұның бәрі адал еңбек жолы емес, алдамшылық жолы деп түсінеді.

Жоқ, байымас брі күнде адал еңбек,
Біреу байыса, біреулер кедейленбек.
Кімде-кім тез байыса қолына ағып,
Кім кедей болса, соның малы келмек.

Несі бақыт алдап ап, арбап алып,
Өз малын өздеріне қайтып бермек.
Көз жасы, бишараның маңдай тері,
Жиылып, байытпай-ақ қойсын мені.
Мал біте ме, адамды малдай қылмай,
Малдан басқа көрмейтін дәнеңені, -

деген ой оны байлықтан безіндіреді. Хәкім болсам, елді аузыма қаратсам,  «Мақсаты бір-біріне қайшы топты бауыр ғып, тату өмір сүргізсем», - деп ойлайды ол. Бірақ мұның да ретін таба алмайды.

Өмірдің бұл түрінде ешбір әкім
Мүмкін емес әділдік қылуға елге.
Себебі: тастап әкім бола алмайды,
Байлар мен молдалардың сөзін жерге
Күшті таптың ыңғайын қылмасқа жоқ,
Мүбәда әкім болсам егер мен де.
Бір сағат та қыла ма, мені әкім,
Болыса бастасам мен күші кемге, -

деп ойлап, әкімдік бақыт емес, ол байларға малай болу, бұл - қорлық деп, бұдан да бас тартады.

Бұдан кейін әскер басы, қолбасшы болуды ойлайды. Бірақ капиталистік қоғамда бұ да бақыт емес:

Найзаның күшіменен жанған бақыт,
Бір кезде найза ұшында өшпеске жоқ.

Соғыс - ақын ұғымында, жазықсыз қан төгу. Поэманың бұл бөлімінде ол капиталистердің байлығын молайтуға империалист соғыстың қалай көмектесіп жатқанын жазады.

Керек-жарақ бәрі де қымбаттанар,
Соғыстың шығындарын елге салмақ.
Мұқтаждық халдерінен пайда алуға,
Бір жақтан саудагерлер салар қармақ.
Соғыс болса жауғандай көктен алтын,
Капиталист, байларға әдейі арнап.
Бас көтерер еркегі соғыста боп,
Шаруа істелмей, кедейлер мұқтажданбақ.
Көктен жауып түрғандай оңай жолмен,
Байларға сол мұқтаждың малы бармақ.

Лирикалық кейіпкердін соңғы арманы - ғалым болу. Ол адам ауру көрмей, қартаймайтын болса, мал қыратын ауруларды да емдесем деп қиялдайды. Бірақ ол адам қанайтын қоғамда ғылымның табысы халық игілігіне аспайтынын ескере отырып, бұдан да безіп шығады,

Бірақ бүгін ғылымның тапқандары,
Пайдасын көрсеткен жоқ кедейге әлі.
...Бұл қалыпта ғылымды пайдалы деп,
Алғыс айтып тұрған жоқ жанның бәрі.

Жігіт боп қоғамға кіріп, кәсіп таңдағанда осының біріне тоқтамаған лирикалық кейіпкердің ой-түйіні, ең алдымен, әділ қоғам іздеуге саяды. Мұны ол «негізгі іс» деп атайды.

Еңдеше мен жабысам негізгі іске,
Әділдікте - бар негіз, бақ та, күш те.
Қарғаймын әділдіктен басқа жолды,
Өнім тұрсын, кірмесін түнде түске, - дейді.

Поэманың кейіпкері іздейтін ендігі жол қандай болмақ? Оны табу жолында кейіпкер не істеу керек? Бұл мәселе Сұлтанмахмұтты қатты ойландырады. Ол өзінің ендігі өмірін осыған арнауға серт береді.

Бар адам жерден тамақ алмақ үшін,
Жиылып бірге күшін салмақ үшін,
Бірі еңбек қып, бірі оны жатып жемей,
Теп-тегіс бұл жұмысқа бармақ үшін...
Әділдік, ұлт деген сөз, дін деген сөз,
Залымдық жем болмауға қармағы үшін.

Істелер мұнан былай менің ісім,
Жұмсалсын сол ниетте барлық күшім.
Мен ғашықпын көруге әділдікті,
Тегіс қылып көркейткен өмір түсін.

Сұлтанмахмұт өзі аңсаған әділет жолы - адамзатқа теңдік әкелетін, шын бақытты өмір алда деп үміттенеді. Оның өз ұғымындағы сипатын береді.

Ол өмірде бірді-бір алдау болмас,
Жағынып арды ақшаға жалдау болмас.
Ешкімнен достық таппай, қастық көріп,
Бар адамды сайтан деп қарғау болмас.
Қара күшпен жеңіліп, қайғы басып,
Өлгісі кеп, өмірден зарлау болмас.
Адамдағы сан қуат, тапқыш талант,
Гүл шашпай, жеміс бермей қалмау болмас.
Әкіммін, құдайшылмын, әскермін деп,
Еңбексіз еңбекшілді жалмау болмас.
Не кәрілік, не бір апат келген күні,
Көшеде қайыршы боп сарнау болмас.
Бір тілім нан алуға байды мақтап,
Жалынып тұс-тұсынан аңдау болмас.
...Таудай үміт һәм талап орындалар,
Еш еңбек бұл күнгідей жанбау болмас.
Жұмысқа кем көзбенен қарау болмас,
Жұмыссыздық қорлық деп санау болмас.
Жұмысшылық құлға қас, бір мырза деп,
Еңбекшінің еккенін талау болмас.
Мен аз деймін көруге осы өмірді,
Келіндер бақ іздеуші, болсаң жолдас.

Сұлтанмахмұт аңсаған әділ қоғамның белгілері социализмге жақын келетінін аңғару қиын емес. Бұл - оның шығармашылық жолындағы ірі табысы.
Поэманың соңғы бөлімдерінде («Мен тоқтадым», «Мен кәрі», «Мен өлік») Сұлтанмахмұт адам өмірінің осы кезеңдеріндегі ерекшеліктеріне, оның қоғаммен байланысына, өмір ағымындағы орнына көңіл бөледі. Оның кейіпкері жасы ұлғайған, тоқтаған шағында да әділдік жайындағы ойын қайталайды. Бұл өмірде әділдік таппаған ол о дүние бар болса, онда да осы күресін тоқтатпайтынын айтады. «Бай жағы жүз мың болса, кедей - жалғыз, қорықпай жалғыз жақта қалар едім», - дейді. Кейіпкер әрекетінде өзінің күреспен өткен өмірін шолу, ойлану басым.

Поэманың бұл бөлімдерінде Сұлтанмахмұт адамның қоғамнан «қартаймайтын, өлмейтін орын табуын» сөз етеді. Бұл - өз заманында қоғамға, келешекке пайдалы іс істеп, өлмес атағынды қалдыр деген сөз. Лирикалық кейіпкер өз дәуірінде мұндай бақытқа жете алмайды. Ақын осы негізде қоғам мен адам арасындағы қайшылықкты ашады. «Мен кәрі» бөлімінде ол «жұрт үшін еткен қызмет, еңбегім жоқ», «тым болмаса, қалмады-ау ешбір ісім, мені айтып жұрт сағынып шөлдегендей» дегенді айтады.

Бұл бөлімдерде адам өмірінің кәрілікпен байланысты өзгерісін ақын шеберлікпен суреттейді.

Жалпы алғанда, «Адасқан өмір» - ескі құрылыс жағдайында іздеген бақытын таппаған адамның трагедиялық күйін шебер суреттеген, одан құтылудың жолын аңсап, болашақ әділетті қоғамның сипаттарын бейнелеген терең мағыналы туынды. Ақын осы негізде адам өмірінің адасушылық себептерін, оның өмір сүріп отырған қоғамымен бітіспес қайшылыққа келуін ашады. Адам өмірінің мән-мағынасы жайлы философиялық ойлар түйеді.

«Кедей» поэмасы (1919) да осы үлгідегі қазақ кедейінің сыры мен мұңы. Онда да лирикалық кейіпкер өз басынан кешкен өмір өткелдерін әңгімелеп, өз бақытын таба алмай қиналады. Ауыл кедейінің тағдырына әсер етіп жатқан әділетсіздіктің көріністерін ақын жан-жақты ашып суреттейді. Ол бай малын бағып, жалшылықта, қорлықта өткен өмірін, қалаға барып өндірістін ауыр жұмысына жегіліп, тапқаны тамағына жетпей қиналғанын еске алады. Мұның бәрін ақын нақты сурет арқылы ашады. Осынан үмітсіздікке түскен кедей тағдыры, өмір қайшылықтары жайлы ойланады. Өзін бай баласымен салыстырып, екі жағдайда екі түрлі өмір кешкен адамдар тірлігіндегі әділетсіздікті көреді.

Анау Жақып сән түзеп  сауық құрған,
Құрдасым емес пе еді бір күн туған.
Мен туғанда табылмай қара сабын,
Ол туғанда иіс сабын тәнін жуған.

Мұндай әлеуметтік сұрақтарды түсінуге Сұлтанмахмұт кедейі дайын емес. Ол әділетке жету жолын білмейді. Соған қарамастан ескілікпен, әділетсіздікпен шығысып, өз ортасынан бөлініп шығады. «Жүрегімді белгісіз нәрсе қысып, шақырып тұр, мінеки кеттім сонда» дейді. Оқуды мақсұт тұтады. Поэма әділет жолын көп іздеген Сұлтанмахмұттың да өз заманымен сиыса алмай, алдан жаңа өмір күткенінің белгісі сияқты.

Сұлтанмахмұттан қалған мұра біздің ұлттық әдебиетіміздің жаңа кезеңінің - XX ғасырдың басындағы дәуірдің шындығын, қоғамдық ой-пікірдің дамуын түсінуіміз үшін аса маңызды. Ұлы ақындар пікірі қашан да ойды қозғайды, жанға азық береді, пікірге талғам дарытады. Бірақ оны түсіну де оңай бола бермейді. Сол сияқты біз де Сұлтанмахмұт өмір сүрген, ол жырлаған заман шындығын бірден түсіне алмай, көп адастық. Ақынның ортасын, оның неге сол ортамен өкпелескенін, алысқанын жете ұқпадық. Ендігі мәселе - осыларды саралап қарауда, түсінуде. Оған Сұлтанмахмұгтың өз шығармалары, әсіресе, олардың осы күнге шейін жарияланбаған бөлігі көмекке келмек.

Сұлтанмахмұттан қалған мұра әр салалы. Онда лапылдаған от сезімді лирика да, автордың сыншылдық тенденциясын айқын танытатын қуатты эпикалық туындылар да, өз заманының сыншылдық ой-пікіріне үн қоскан мақалалар мен очерктер де мол. Мұның бәрі қазақ әдебиеті ұлт тағдырын тілге тиек ете бастаған заманда әдебиет жанрларының туып жетіле бастағанының куәсі. Сұлтанмахмұт - әдебиетіміздің бұл саладағы ізденістеріне, сондай-ақ реализмге жетілуіне үлкен үлес қосқан ақын. Оның реализмі бұлтақсыз, жалтақсыз айтылған шындыққа, әлеуметтік тіршіліктің шынайы суреттеріне негізделген. Оның тенденциясы да сыншыл.

Сұлтанмахмұт - өз бетімен ғажап көп оқыған және ғылымның әралуан саласынан хабардар қаламгер. Сонау ескі Египеттің фараондарынан бастап Николай, Вильгельмдермен, Шыңғыс, Бонапарт жорықтарымен, ғылымда үлкен жаңалықтар ашқан Эдиссон, Луи Пастер еңбектерімен оның таныс болғандығы шығармаларынан айқын көрінеді. Жалғыз өз халқы немесе кітаптарын көп қарастырған орыс, Еуропа елдері ғана емес, жалпы Шығыс, әсіресе Қиыр Шығыстағы Жапон елінің даму тарихы жайлы жазғандары да қатты таңдандырады.

«...Тегіс жұмыла іске кіріссек, 20-30 жылда Еуропаның білгенін біліп, Еуропа қатарына қосылып кете алуымызға тарихтан жапондар мысал бола алса керек. Мұнан 58 жыл бұрын 1860 жылдағы жапондар жайының осы күнгі біздің қазақтың жайынан неменесі артық еді? Жапондар осындай халінен 35-40 жылда ержетіп, Еуропа халіне келді... Әрине, жапондар осы халіне Еуропаның пісулі астай даяр өнерін алумен жылдам жетті. Біздің де солай жетуіміз үшін тегіс жұмыла үйренуіміз керек. Солай болған соң мектеп, медресе, газет, журнал, кітаптарымыз көбейіп, Еуропадағы адам баласының ауыр күнкөрісінен құтылып, бақытты болуына себеп болатын ғылымдарды үйрете беру керек», - деп жазды ол өзінің «Социализм» атты мақаласында.

Замандастарының айтуынша, ол өмірінің соңғы шағында Маркс пен оның жолын қуушылар еңбектерін ден қоя оқыған. Демек, сол кезде Ресейге кең тараған қоғамдық, әлеуметтік әдебиеттермен Сұлтанмахмұттың таныс болғаны даусыз. «Адасқан өмір» поэмасындағы әлденеше шумақтар, кейбір жолдар да бұған дәлел бола алады. Поэмада келтірілетін капиталисте, социалистік қоғамдардың принциптерін Сұлтанмахмұт өз  басынан  ойлап шығарған жоқ, сол қоғамдар туралы жазылған әдебиеттерді оқуынын нәтижесінде тапты.

...Жоғалсын бұл «сенікі», «менікілік»,
Осы ғой адамзатты қырған іңдет, -

дегенде ол социализм принциптерін уағыздайды. Бірақ Сұлтанмахмұт социализмі кітаптан оқыған күйінде қалды.

Сұлтанмахмұт шығармаларын жинау, бастыру, зерттеу ісінің де ұзақ тарихы бар. Бұл үлкен істің басында Жүсіпбек Аймауытов сияқты ұлы жазушымыз тұр. Ол 1927 жылы 15 қарашада Мәшһүр-Жүсіпке жазған хатында «Сұлтанмахмұт сөздерін былтыр түгел жинап, үлкен кітап қылып, баспаға бергенмін. Одан «басылады» деген хабар алып отырмын», - деп жазыпты. Алайда кітаптың жарық көруін тағдыр Жүсіпбекке жазбады. Ол 1933 жылы ғана Жүсіпбек жазған алғы сөзбен, түсініктерсіз жарық көрді. Одан бергі дәуірде Сұлтанмахмұт шығармалары бірнеше рет басылды. Оны зерттеу саласында Б.Кенжебаев, Ы.Дүйсенбаев, Д.Әбілев, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, Т.Әбдірахманов, Ш. Сәтбаева, Қ.Шәменов, А.Еспамбетов сияқты әдебиетшілер едәуір еңбек етті. Қазіргі ұлттық әдеби мұраға деген жаңа көзқарас қалыптаса бастаған тұста Сұлтанмахмұт шығармалары толықтырылып қайта басылып, зерттеле бастады.

Ол XX ғасыр басындағы демократтық әдебиеттің ірі өкілі болып табылады.

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ТАРИХЫ. ОН ТОМДЫҚ. АЛМАТЫ: ҚАЗАҚПАРАТ, 2006. – т. 6. – 249 – 292 б.

Сайт бойынша іздеу

Яндекс.Метрика

Рейтинг@Mail.ru